Кеген Ұлы Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар-22

Кеген Ұлы Қаған

Буянту Ұлы Қаған қайтыс болғаннан кейін оның тағына баласы Шидібала Кеген отырды. Алайда Буянту ханның орнына далалық мемлекеттік дәстүрге сай Күлік ханның баласы отыруы керек еді. Бірақ Буянту хан өзінің билік кезеңінде қолынан келгенінше Құбылайдың елін далалық дәстүрге сай емес, қытайлық дәстүрге сай билеуге тырысты. Осы мақсатта сарайдағы қытайлар мен қытай тілі мен тарихын білетін қызметкерлердің санын көбейтті. Бұл қытайлану үдерісіне қарсы Буянтудың анасы Тәжі мен басуәзір Темудер бастаған қоңыраттардың тобы қарсы тұрды. Қытайлық мемлекет басқару дәстүрін қолдаушылар мен далалық ел басқару дәстүрін қолдаушылардың арасындағы текетірес пен бақталастық Буянту ханның мұрагері кезінде де жалғасты. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы  Шидібала Кеген Ұлы қаған туралы болмақ.

Құбылайдың Қытайда құрған Юан әулетінде қоңыраттардың ықпалы күшті болғандығын айтқан едік. Тек Қытайда ғана емес, Жошы Ұлысы Алтын Ордада да қоңыраттардың беделі жоғары еді. Мысалға, алдымен «ноян» кейіннен «би» атағын алған Ноғай мен Едіге шын мәнінде қоңырат руының рубасылары болатын. Алтын Орда мен Юан Қытайында қоңыраттардың мықты болуының себебі Шыңғыс тұқымының осы румен құда-анда болуымен байланысты. Шыңғыс ханның шешесі мен әйелінің де қоңырат болғандығы белгілі. Басқаша айтқанда Шыңғыс ханның «үш жұртының» екеуі яғни нағашы жұрты мен қайын жұрты қоңырат елі болатын. Нағашы жұртынан қыз алуды «сүйек жаңғырту» десек де болады. Ал ел басқаруда бұл құда-андалық қатынас жай ғана жекжаттық қатынас емес, одақтастықты да білдіретін еді. Шыңғыс хан империясы мен оның мұрагерлерінің мемлекеттері екі тіректен тұратын десек, сол екі тіректің бірі Шыңғыс ханның руы қият бөржігін яғни бөрітегін болса, екіншісі Есугейдің құдасы Дәушешеннің руы қоңырат елі еді. Осы тақырыпта зерттеу жүргізген Есенбике Тоған Шыңғыс империясының қоңыраттар мен қияттардың ортақтаса құрған мемлекеті екендігін жазады.

Құбылай әулетіне келетін болсақ, Ұлы ханның мұрагері Жынжиң Құбылайдың қоңырат әйелі Чаби ханымнан туылған еді. Жынжиң ханның мұрагері Олжайту Темір ханның да шешесі қоңырат руының қызы Көкежін немесе басқа атымен Байрам Үкеші болатын. Олжайту Темір ханның баласы болмағандықтан, одан кейін таққа ағасы Дармабаланың ұлы Күлік хан одан кейін Күлік ханның інісі Буянту шыққан еді. Күлік хан мен Буянту ханның шешесі қоңырат руынан Тәжі қатын еді.

Бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Буянту ұлы Шидібала Кеген ханның шешесі де қоңырат руынан Раднашири ханым еді. Ұлы тұлғамыз 1302 жылдың 22 ақпанында туылып, 1323 жылдың 4 қыркүйегінде қайтыс болды. Өзінен бұрынғы хандар секілді Шидібала Кеген де бүкіл моңғол елдерінің Ұлы қағаны саналды. Басқаша айтқанда Дешті Қыпшақтағы Алтын Орда хандары да, Ирандағы елхандар да, Орта Азиядағы Шағатай мен Үгедейдің ұрпақтары да Шидібала Кеген ханды Ұлы қаған деп қабылдады. Ол 1320 жылының көктемінде Буянту хан қайтыс болғаннан кейін таққа шықты. Бірақ бұл кезде әжесі Тәжі ханым бастаған қоңыраттар өте күшейіп алған еді. Тіпті Шидібала Кегеннің таққа шығуын да Тәжі ханым мақұлдауы керек еді. Осы орайда Шидібала Кегеннің шешесінің қоңырат болуы оның таққа шығуын оңайластырды деген болжам бар. Нәтижеде Кеген хан билікті әжесімен бөлісуге мәжбүр болды. Осыны жақсы түсінген Тәжі ханым руласы Темудерді қайтадан басуәзір қылып тағайындады. Кеген хан әкесі Буянту ханның Юан сарайын қытайландыру саясатын жалғастырғысы келді. Бірақ Темудер басуәзір бұған жол бермеді. Тіпті керісінше Буянту ханның кезінде тағайындалған қытайлану саясатын қолдайтын көптеген мемлекеттік қызметкерлер қуғынға ұшырады.

Осылайша Кеген ханның таққа шыққан күнінен бастап, оның құдіретті әже мен күшті басуәзірге қарсы қырғи қабақ соғысы басталған болды. Кеген хан Темудерге қарсы кезінде Құбылай ханның уәзірі болған жалайыр Антуңның немересі Байжуды уәзір қылып тағайындады. Байжу уәзір тек ата-тегінің ықпалды болуымен ғана емес, Конфуций ілімін жақсы білуімен де маңызды тұлға еді. Оның қоңырат емес, жалайыр руынан болуы да Кеген үшін артықшылық болатын. Кеген хан сарайдағы қытай мәдениетін меңгерген қызметкерлердің санын біртіндеп арттыра бастады. Ол Қытайдағы Конфуций мен Буддизмнің гүлденуіне жағдай жасады. Бірақ есесіне мұсылмандардың жағдайы қиындай түсті. Кеген хан Шаңдудағы мұсылмандарға арналып салынған мешітті қиратуға бұйрық берді.

1322 жылы алдымен Темудердің артынша Тәжі ханымның қайтыс болуы сарайдағы Кеген ханның ықпалын арттырып, оның билігін күшейте түсті. Жаңадан құрылған үкіметте ешқандай қоңырат руының өкіліне орын берілмеді. Темудердің жақтастары қуғындалып, баласы өлім жазасына кесілді. Байжу «басуәзір» болып тағайындалды. Сонымен Кеген хан сарайды далалық мемлекеттік басқару дәстүрін қолдайтындардан толығымен тазартып, қытайлық басқару жүйесін енгізе бастады. Кезінде Күлік хан қалыптастырған, кейін Тәжі ханым мен Темудер басуәзір жалғастырған мекемелер мен қызмет орындары түбегейлі жойылды. Конфуци» іліміне сай сарайдағы моңғол-түрік әйелдердің еркін жүріс-тұрысына, олардың саясатқа араласуына тыйым салынды. Темудер «басуәзір» болып тұрғанда қызметтен босаған қытайлықтар қайтадан қызметке алынды. Бір ауызбен айтқанда Кеген хан мен оның уәзірі Байжу Буянту ханның бастаған Юан әулетін қытайландыру саясатын жалғастырды.

Кеген қағанның далалық ел билеу дәстүріне және осы дәстүрдің Юан сарайындағы тірегі қоңыраттарды қудалау саясаты сарайдың сыртында қалған далалық руларды біріктірді. Ақырында қыпшақ-алан руының қолдауын алған Темудердің орынбасары Текші Кеген хан мен Байжу басуәзірді өлтірді.



Ұқсас жаңалықтар