Ту Темір Ұлы Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 24

Ту Темір Ұлы Қаған

Шыңғыс хан жорықтарынан кейін Қытайды билеген Юан әулетінің тарихына назар аударсақ, онда далалықтар мен қалалықтардың билікке таласын байқауға болады. Кейде далалықтардың өкілдері таққа  шығып көшпенді мемлекеттік дәстүрді күшейтсе, кейде қалалық Шыңғыс ұрпақтары билікті алып, Юан әулетін қытайландыруға тырысты. 1323 жылы таққа шыққан Есен Темір далалықтардың өкілі еді. 1328 жылы Есен Темір қайтыс болғанда, орнына ұлы Арашаби таққа шықты. Алайда Есен Темір ханның мезгілсіз өлімін орай деп білген қалалықтар бүлік шығарды. Осы ішкі соғыстың нәтижесінде таққа Қайсан Күлік ханның ұлы Ту Темір шықты. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Юан әулетінің сегізінші императоры және Моңғол империясының он екінші Ұлы қағаны Ту Темір хан болып табылады.

Ұлы тұлғамыздың толық аты-жөні Ту Темір Жаяту қаған. Әкесі – Құбылай ханның бірінші шөбересі Қайсан Күлік қаған. Ту Темірдің шешесі таңғұт болатын. Осы тұрғыдан Ту Темірдің таққа шығуы қоңыраттардың биліктен кетуін білдірді. Күлік ханның – інісі Аюрбарибада ханмен жасасқан келісімшартына сай, Күліктен кейін таққа інісі Аюрбарибада, ал одан кейін Күліктің ұлы шығуы керек еді. Алайда Күлік хан қайтыс болғаннан кейін Аюрбарибада уәдесінен айнып, далалық ел басқару дәстүрінен бас тартып, қытайлық дәстүрді қабылдады. Екі мемлекеттік дәстүр арасындағы айырмашылық мынау еді: далалық дәстүрде ағаның орнын інісі алады; ал қытайлық дәстүрде әкенің орнын баласы алады. Мысалға, Бумын қағанның орнын Естеми, Чағры бейдің орнын Тұғрыл, Керей ханның орнын Жәнібек алған еді. Көшпенділердің отырықшы халықтардың мәдениетінің ықпалында қалуымен, әкенің орнын бала алатын болды.

Аюрбарибада таққа шыққаннан кейін ағасы Күлік ханның ұлдары Құтұқты Күшала мен Ту Темірді шалғайға жер аударып жіберді. Аюрбарибаданың ұрпақтары биліктен айрылғаннан кейін тақ далалық Есен Темірге өтті. Есен Темірдің ұлы Арашабиге қарсы Күлік ханның кезінде күшейген қыпшақтар мен меркіттер көтеріліс бастады. Арашаби ханның негізгі күштері Шандуда, ал көтерілісшілердің күші Дадуда болғандықтан бұл соғыс «Екі астана соғысы» деп аталды. Қытайша «ду» деген «астана» дегенді білдіреді. Көтерілістің басшылары қыпшақ Ел Темір мен меркіт Баян – Арашаби ханның қолын жеңгеннен кейін таққа Күлік ханның балаларын шақырды. Бұл кезде Күлік ханның бірінші баласы Құтықты Күшала Орта Азияда еді. Сондықтан таққа Ту Темір шықты. Ту Темірдің таққа шығу салтанаты  16 Қазан 1328 жылы болды. Алайда Ту Темірдің ағасы Құтықты Күшала даладағы төрелердің қолдауын алып, таққа үміткер екендігін білдірді. Күшаланы әсіресе Шағатай ұрпақтары қолдады. Қарақорымда құрылтай өткізген Күшала 27 ақпан 1329 жылы өзін Ұлы қаған деп жариялады. Осыған байланысты Ту Темір 3 Сәуір 1329 жылы тақтан бас тартқанын білдірді.

26 тамызда Күшала мен Ту Темір жолықты. Бірақ осы кездесуден төрт күннен кейін Күшала ауырып қайтыс болды. Кейбір ғалымдар оны қыпшақ Ел Темірдің улап өлтіргендігін айтады. Өйткені Ел Темір Юан әулетінде Шағатай ұрпақтарының ықпалының артуынан және өзінің биліктен айрылып қалуынан қорыққан еді.

Күшала хан қайтыс болғаннан кейін Ту Темір 8 қыркүйек 1329 жылы қайта таққа шықты. Осылайша қалалықтар өз билігін орнықтырған болды. Ту Темір таққа шыққаннан кейін бір жағынан Есен Темір мен оның баласы Арашабидің жақтастарымен күрес жүргізсе, енді екінші жағынан Күшаланың жақтастарын қудалай бастады.

Сыртқы саясатта Ту Темір хан өзінен бұрынғы императорлардың саясатын жалғастырды. Ол Алтын Орда, Шағатай хандығы мен Елхан мемлекетіне елшілер жіберіп, тығыз қарым-қатынас орнатты. Аты аталған үш ел де Ту Темірді Ұлы қаған деп мойындады.

Ішкі саясатта Ту Темір оны билікке әкелген қыпшақ Ел Темір мен меркіт Баянның ықпалында қалды. Бұл екі тұлға өздерінің әскери және экономикалық күштерін одан әрі арттырып, Ұлы қағаннан да мықты болып кетті. 1330 жылы Ту Темір үлкен той жасап, ұлы Аратнадараны тақ мұрагері деп жариялады. Осыдан кейін Аратнадараның ықтимал қарсыласы Күшаланың ұлы Тоған Темірді Кореяға жер аударып жіберді. Алайда Аратнадара тақ мұрагері болып жарияланғаннан бір айдан кейін қайтыс болды. Енді Ту Темір екінші ұлы Күлатананы тақ мұрагері деп жариялады.

«Екі астана соғысы» көптеген шығынға себеп болған еді. Осы шығынды жабу үшін Ту Темір шаруаларға салынатын салықты арттырды. Бұл саясат Юннан мен Сычуандағы қытайлықтардың көтеріліске шығуына түрткі болды. Осы кезден бастап билеуші жатжұрттықтарға қарсы жергілікті қытайлардың наразылығы күшейе бастады. Түбінде осы қозғалыс Шыңғыс ұрпақтарының Қытайдан кетуіне себеп болды.

Десе де, Ту Темір қаған төртінші буын Юан әулеті билеушісі ретінде қытай тілін жақсы меңгерген еді, қытайша өлең жазатын еді. Сонымен қатар сурет өнерінде де танымал еді. Ұлы қаған Конфуций ілімінің таралуына да жағдай жасады. Жыл сайын Конфуций ілімінде озық болған шәкірттерге сыйлық табыстады. Қытайлардың далалық дәстүрлерді орындауына тыйым салынды, енді бір жағынан түріктер мен мұсылмандардың қытай мәдениетін үйренулеріне қолдау көрсетілді. Ту Темірдің қытай мәдениетінің дамуына қосқан ең үлкен үлесі «Әдебиет жұлдызы» академиясының құрылуы болды. Қорыта айтқанда Ұлы қағанның осы еңбектеріне байланысты оған қытайлар «мәдениетті ата» деген атақ берді.   



Ұқсас жаңалықтар