Ұлы Тоған Темір Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 26

Ұлы Тоған Темір Қаған

Құтықты Күшаланың ұлы Тоған Темір Қытайдағы Юан әулетінің соңғы императоры болып саналады. Сонымен қатар ол Шыңғыс хан империясының да соңғы ұлы қағаны болып есептеледі. Оның Қытайдан кетуі тек Құбылай ұрпақтарының биліктен айрылуы ғана емес, Ұлы Моңғол Империясының да тұтастығының жойылуын білдірді. Өйткені Юан әулеті құлағаннан кейін ешқандай Шыңғыс ұрпағы басқа төрелер тарапынан Ұлы қаған ретінде мойындалмады. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Ұлы Тоған Темір Қаған болып табылады.

Ұлы тұлғамыз 25 мамыр 1320 жылы туып, 23 мамыр 1370 жылы қайтыс болған. Ол Қытайда емес, Орта Азияның кең байтақ даласында дүниеге келген еді. Әкесі Құтықты Күшала – Қайсан Күлік қағанның үлкен ұлы. Ал шешесі Майлайти ханым қарлұқ руынан болатын. Нағашы атасы Арслан Шыңғыс ханның кеңесшісі болған еді. «Екі астана соғысы» кезінде Тоған Темір 1328 жылы әкесімен бірге Моңғолиядан келіп Шаңдуды алған еді. Бірақ Тоған Темірдің балалық шағы қиыншылыққа толы болды. Өйткені оның әкесі Құтықты Күшаланы тақ таласында қарсыластары у беріп өлтірген еді. Ал шешесі Юан сарайында бүлік шығарады деген айыппен өлтірілген. Ал жас Тоған Темірді таққа отырған көкесі яғни Құтықты Күшаланың інісі Ту Темір қаған  Кореяға жер аударып жіберді.

Десе де, 1332 жылы Ту Темір қаған қайтыс болар кезінде өзінен кейін таққа ағасы Құтықты Күшаланың балаларының шығуын өсиет қылып қалдырды. Алайда сарайдағы саяси тепе-теңдікке байланысты таққа алдымен Тоған Темір емес, оның інісі алты жасар Еренші бала таққа шықты. Бірақ Еренші бала екі айдан кейін кенеттен қайтыс болып кетті. Енді сарайдағы күштер амалсыздан 1333 жылы Тоған Темірді таққа шығарған мәжбүр болды. Бұл кезде Тоған Темір он үш жасында еді.

Тоған Темірдің таққа шығу салтанаты 1333 жылдың күзінде өтті. Салтанаттың бұлай кешігуінің себебі бас уәзір қызметінде тұрған Ел Темір Тоған Темірдің таққа шығуын өзіне қауіп деп санады. Өйткені кезінде Тоған Темірдің әкесі Құтықты Күшаланы у беріп өлтіру шешімін осы Ел Темір алған еді. Ал Тоған Темір таққа шығардан бұрын Ел Темір қайтыс болған еді. Осылайша Тоған Темірдің билікке жолы ашылған болды.

Тоған Темір есі кіріп, билікті өз қолына алғанша, 1340 жылға дейін іс жүзінде Қытайды Будашири патшайым басқарды. Тек патшайым қайтыс болғаннан кейін Тоған Темір билікті өз қолына алды. Тоған Темір Будаширидің үшінші ұлы Ел Тегісті өзінің мұрагері ретінде жариялады. Бас уәзір ретінде меркіт руынан шыққан Баян тағайындалды. Баян орталық биліктің әлсіздігін пайдаланып өз күшін арттыра бастады.  Тоған Темір Банның көмегімен бұрынғы бас уәзір Ел Темірдің баласы Таң Кисының бастаған көтерілісін жаныштай білді. Алайда уақыт өте келе бас уәзір Баян мен Тоған Темірдің арасы бұзыла бастады. Ақырында Тоған Темір Баянның қарсыласы Тоқтамен одақ құрып, Баянды биліктен кетірді. Сонымен қатар Тоқта Тоған Темірдің билігіне қауіп деп саналған барлық қарсы күштерді жойды.

Тоған Темір Қытайда жаңа кезеңнің басталғандығын білдіру үшін қытайлық ғалымдарға көп көңіл бөле бастады. Оның Қытай тарихына жасаған ең үлкен қызметі Юан әулетінен бұрын Қытайды билеген Лияу яғни қара қытай, Жиң яғни шүршіт және Суң әулеттері тарихтарын жаздырып бітірді. Бұлардың қатарына Юан тарихының да қосылуы бұдан былай Юан әулетінің келімсек емес, қытайдың төл әулеті ретінде қабылдануына жағдай жасады.

Бірақ та 1340 жылдарда халықтың наразылығы арта бастады. Бұның себебі 1344 жылы Хуан Хы яғни Сары Өзендегі дамбалар бұзылып, төменгі ағыстағы егістік алқаптарды су шайып кетті. Оның үстіне шаруашылық жағынан маңызды Шандуң аралын да су басты. Жағдайды түзету үшін бас уәзір Тоқта мыңдаған қытайлықтарды дамбалардың қайта қалпына келтіруге жұмылдырды. Бірақ бұл науқан кезінде нашар шарттарға байланысты көп адам опат болды.

Бұл жағдайлар халықтың билікке деген сенімін азайтты. Әсіресе тұз саудагерлері орталықтың тұз саудасына монополия жариялауына наразы еді. Осыған байланысты 1348 жылы басталған «Қызыл орамалдылар көтерілісі» 1351 жылы жалпы қытайлық көтеріліске айналды. Көтерілістің артындағы ұйытқы күш Ақ лотос діни тариқаты еді. Олардың үгіт насихаты бойынша, Юан әулеті қытай емес, келімсек, жат әулет болып саналды. «Қытайдың қалпына келуі үшін келімсектерді туған жерден қуу керек еді.» 1351 жылы басталған көтеріліс бірде Юан әулетінің жеңісімен, кейде көтерілісшілердің жеңісімен 1368 жылға дейін жалғасты. Тарихта «қызыл әскер» деп те аталатын көтерілісшілердің қолға түскен Юан қолбасшылары мен әскерлеріне аяусыз азаптар шектіргені айтылады. Қысқасы бұл көтерілістің қытай ұлтшылдығы сипаты басым еді.

Қорыта айтқанда, көтерілісшілердің 1369 жылы Ханбалықты алуымен және Тоған Темірдің Моңғолияға қашуымен Юан әулеті біткен болып саналды. 1370 жылы Тоған Темір қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері Қытайды жаулау үшін күрес жүргізсе де, қытайдың ресми тарихы Юан әулетінің Қытайдан қашуы мен астаналары Ханбалықтың көтерілісшілердің қолына өтуін Қытайдағы Миң әулетінің басы деп есептейді. Сонымен 12-ғасырдың ортасында құрылған Юан әулеті 13-ғасырдың соңында ыдырады.    



Ұқсас жаңалықтар