Ұрыс Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 4

Ұрыс Хан

Қазақ хандығы өзінің мемлекеттілігін Алтын Ордамен байланыстыратындығы белгілі. Өйткені Қазақ елін құрған хандар Жошы ханнан тарайды. Дәлірек айтқанда қазақ хандарының шежіресі Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен басталады. Алтын Орда құрылғанда, Жошының үлкен ұлына Алтын Орданың шығысы берілген еді. Орда Еженнің ұрпақтары Жайық өзенінен Сырдарияға дейінгі кең байтақ алқапты биледі. Уақыт өте келе бұл жерге Ақ Орда аты беріле бастады. Осы Ақ Орданың орнына кейіннен Қазақ Хандығы құрылғандығы мәлім. Алтын Орданың ең соңғы мықты билеушісі Жәнібек ханның қайтыс болуымен Ұлы дала империясы құлдырау кезеңіне аяқ басқанда, Ақ Орда хандары мемлекет саясатына белсендірек араласа бастады. 1360 жылдан 1380 жылға дейін жалғасқан ішкі соғыста негізгі текетірес Жайықтың шығысындағы Ақ Орда хандары мен Еділдің батысындағы Мамай қолдаған Жошының басқа ұрпақтарының арасында болды. Бүгінгі бағдарламамыз осы қиын қыстау кезеңіне өз таңбасын қалдырған Ақ Орда ханы Ұрыс хан туралы болмақ.

Елхан мемлекеті уәзірі Рашидәддиннің Түгел тарихында Ұрыс хан Жошының Тоқа Темір, одан Өз Темір, одан Қожа, одан Бәдіктің ұрпағы екендігі жазылады. Алайда Мүнежжимбашының дерегінде және Ескендірдің Анонимі еңбегінде Ұрыс ханның шежіресі былай өрбиді: Шыңғыс хан-Жошы-Орда Ежен-Құлы-Тумақан-Ноғай-Сасы Бұқа-Ерзен-Шымтай. Шымтайдан Ұрыс тарайды. Сонда ұлы тұлғамыздың әкесі Ақ Орданың беделді ханы Шымтай болып саналады.

Ұрыс ханның қай жылы туылғандығы белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1377 жыл. Ұлы тұлғамыз 1361 жылы Ақ Орда тағына шығады. Ұрыс хан Ақ Орданың сегізінші ханы болып есептеледі. Хандықтағы билігін орнықтырғаннан кейін Ұрыс хан Алтын Орда тағына таласа бастады. 1368 жылы Ұрыс хан Жайықтың батысына өтіп, Алтын Ордаға шабуыл жасайды. Бұл жорығы сәтсіз болса керек, 1372 жылы Ұрыс хан Алтын Ордаға қайта шабуыл жасайды. Бұл жолы Қажытарханды яғни бүгінгі Астраханды және Сарай-Беркені жаулап алады. Кейбір деректерге сай Ұрыс хан Алтын Орданың ханы болып саналады. Алайда Алтын Орда тағына талас бұнымен толастамайды. Ұрыс хан оңтүстік астанасы Сығанаққа кеткенде, Шеркеш хан Сарай-Беркені басып алып, өзін хан деп жариялайды. Бірақ Ұрыс хан Сарай Беркеге жеткенге дейін Мамайдың қолдауын алған Бұлақ Мұхаммед Шеркешті тақтан тайдырып, өзін хан деп жариялайды. Енді осыдан бастап, Ұрыс ханның Мамаймен соғыстары болады. Бұл соғыс бірде жеңіспен, бірде жеңіліспен жалғасып жатқанда, оңтүстіктен Әмір Темір қаупі пайда болады.

Ұрыс хан мен Әмір Темір арасындағы кикілжің Ақ Орда тағына таласуға құқығы бар Түйе Қожаның Ұрыс ханның тапсырмасы бойынша өлтірілуімен басталды. Түйе Қожа Ұрыс Ханмен шөберелес ағайынды болып келеді. Ұрыс хан таққа шыққанда, Түйе Қожа Каспий теңізінің жағасындағы Маңғышлақты билеп тұрған еді және айтулы беделі бар еді. Кейбір ру басылары оны Шымтай ханнан кейінгі Ақ Орданың ханы болады деп есептеді. Осыған байланысты Ұрыс хан Түйе Қожаны өлтіртуге мәжбүр болды. Дегенмен Ұрыс хан қарсыласын өлтіртсе де, оның баласы Тоқтамысты өлтіртпей, сарайға алдыртады. Тоқтамыс біраз уақыт Ұрыс ханның ордасында өмір сүреді. Бірақ Тоқтамыс есейген сайын әкесінің қамытын киюден сескене бастайды. Ақырында, Ұрыс хан батысқа жорыққа кеткенде, орайды пайдаланып, 1376 жылы Мәуренахрдағы Әмір Темірді паналайды. Күн сайын күші артып келе жатқан Әмір бұл мүмкіншілікті өзінің болашақтағы жоспарларында қолдануды ойлап, Тоқтамысты жақсы қабылдайды. Тарихшылар Әмір Темірдің Тоқтамысты хандарға лайық қылып күткендігін және өзінен жоғары төрге отырғызғандығын жазады. Басқаша айтқанда, Тоқтамыс Алтын Орданы жаулауды жоспарлап отырған Әмір Темірге таптырмас олжа болды. Сонымен Әмір Темір Тоқтамысқа қол жинап беріп, оны Алтын Ордаға қарай аттандырады. Алайда бұл кезде Ұрыс хан Алтын Ордадағы ішкі таласты тұрақтандырған еді. Сондықтан Ақ Орда оңтүстіктен келетін шабуылға сақадай сай еді. Тоқтамысқа қарсы Ұрыс ханның ұлы Құтлық Бек қол бастап барады. Екі жақтың шайқасында Құтлық Бектің опат болуына қарамастан, Тоқтамыс жеңіліп, тағы да Әмір Темірге қашып барады. Әмір Темір бұл жолы Тоқтамысқа одан да күшті қол беріп, тағы да Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Бірақ бұл жолы да Тоқтамыс Ұрыс ханның ұлы Тоқтақия бастаған Ақ Орда қолынан ойсырай жеңіледі. Тоқтамыс тағы да Әмір Темірді паналайды. Осы шайқастан кейін Ұрыс хан Әмір Темірден Тоқтамысты қайтарып беруін талап етеді. Алайда Әмір Темір бұл талапты орындамайды. Осылайша Тоқтамыс пен Ұрыс ханның арасындағы текетірес енді Алтын Орда мен Әмір Темірдің арасындағы соғысқа айналады. Екі жақтың әскерлері 1377 жылы күзде Ақ Орданың оңтүстік астанасы Сығанақ маңында жолығады. Бірақ ауа райының кенеттен күрт суып кетуіне байланысты екі жақтың әскерлері де қылыш ұстауға шамалары келмей шегініп, кетеді. 1378 жылы көктемде екі жақтың әскерлері тағы да шайқасқа дайындала бастайды. Бірақ Ұрыс ханның қайтыс болуына байланысты Ақ Орда әскерлері шегінуге мәжбүр болды. Тоқтамысқа қарсы соғысты Ақ Орда тағына шыққан Ұрыс ханның баласы Темір Мәлік жалғастырады.

Қорыта айтқанда Ұрыс ханның кезеңі Ақ Орданың шырқау шегі болып саналады. Осыған байланысты бір ғасырдан кейін өмір сүрген оның ұрпақтары Керей мен Жәнібек өздері құрған Қазақ хандығын Ақ Орданың мұрагері деп есептейді.



Ұқсас жаңалықтар