Дәулет Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 20

Дәулет Керей Хан

Он алтыншы ғасырдың екінші жартысы түркі өркениеті тұрғысынан құлдыраудың басы болды десек қателеспейміз. Өйткені Ресей осы кезеңнен бастап, Алтын Орданың мұрагерлері Қазан хандығы мен Астрахан хандығын жаулап, біртіндеп түркі жұртына жайыла бастайды. Басқаша айтқанда, Алтын Орданың мұрасына болған соғыста Мәскеу кінәздігі үстем болып шығатындығы белгілі бола бастады. Алайда Қырым хандығы орыстардың бұл саясатына қарсы қол қусырып отырмады. Ендеше осы кезеңге өз таңбасын қалдырған Қырым ханы Дәулет Керей ханның өмірбаянын қарастырайық. 

Ұлы тұлғамыз  1512 жылы туып, 1577 жылы қайтыс болған. Әкесі Мұбарек Керей Меңлі Керей ханның ұлы болып табылады. Мұбарек Керей Османлы сұлтаны Явуз Селимнің Мысыр жорығына қатысып, сол соғыста қайтыс болған. Дәулет Керей 1530-1532 жылдар аралығында көкесі Сағадат Керейдің билік құрып тұрған кезінде «қалғай» атағын алған еді. Алайда 1532 жылы Сағадат Керей хан тақтан бас тартқаннан кейін, ұлы тұлғамыз тұтқындалады. Бірнеше жылдан кейін тұтқыннан шыққаннан кейін көкесі Сағадат Керейдің артынан Ыстанбұлға барады. Османлы мемлекетінде Дәулет Керей мен Кануни Сұлтан Сүлейман арасында жақын қатынас орнайды. Жиырма жылдай Османлыда болған ұлы тұлғамыз Канунидің жорықтарына да қатысады.

1551 жылы Кануни мен Қырым ханы Сахип Керейдің арасының бұзылуымен Османлы сұлтаны Дәулет Керейді Қырымға хан қылып тағайындайды. Оған янычарлардан құралған әскер мен алпыс зеңбірек беріп, Қырымға жібереді. Бұл кезде Кавказда жорықта жүрген Сахип Керей Дәулет Керейге қарсы ешнәрсе істей алмайды. Қырым хандығында билігін орнықтырған ұлы тұлғамыз қарсыластарын жоя бастайды. Алдымен Сахип Керей ханды оның немере інісі Бөлек Керейге өлтіртеді. Сонымен қатар Сахип Керей ханның үлкен ұлы қалғай-сұлтан Әмин Керейді және басқа ханзадаларды өлтіртеді. Осыдан кейін Дәулет Керей хан Бөлек Керейді «қалғай» деп жариялайды. Бірақ көп өтпей Қырым ханы Бөлек Керейдің де көзін жояды. Дәулет Керей алдымен үлкен ұлы Ахмет Керейді, ол қайтыс болғаннан кейін Мехмет Керейді қалғай деп жариялайды. Осы қырғындардан кейін Қырымда тұрақтылық орнайды.

Сыртқы саясатта Дәулет Керейдің басты мақсаты осы кезеңде барынша күшейіп алған Мәскеу кінәздігін әлсірету болды. Мәскеу кінәздінің тағына шыққан Иван Грозный 1547 жылы бүкіл орыс кінәздіктерін өзіне бағындырып, бірлік орнатқан болатын. Түрік хандықтары бір-бірімен қырылысып жатқанда, орыс кінәздіктері бірігу үдерісін тәмамдаған болатын. Ғасырлар бойы түріктерге салық төлеп келген орыстардың қарымта шабуыл жасау кезі жақындап қалған еді. Осы орайда Мәскеу кінәздігімен көрші боп тұрған Қасым хандығы орыстардың билігін мойындаған. Ендігі кезек Қазан хандығына келген болатын.

Орыстардың Қазан хандығына қарсы жорыққа дайындалып жатқандығы белгілі еді. Сондықтан осы жорықтың алдын алу мақсатында 1552 жылы Дәулет Керей орыс жерлеріне шабуылға шығады. Бұл жорықты Османлы мемлекеті янычарлары және зеңбіректерімен қолдайды. Алдымен хан Коломна қаласына шабуылдауды жоспарлайды. Алайда Иван Грозныйдың қалың қолмен ол жерде  қырымдықтарды күтіп жатқандығын біліп, Тула қаласына қарай бағытын өзгертеді. Тула қаласын Дәулет Керейдің қолы алса да, артынша орыстардың қосымша күштерінен жеңіліп, қаланы тастап кетуге мәжбүр болады. Тула қаласын қайтарып алған орыстар қырымдықтардан қалған зеңбіректерге де ие болады. Дәулет Керейдің шабуылын қайтарған Иван Грозный сол жылы күзде Қазан хандығын басып алады. Қазан хандығының Ресейге қосылуы түркі өркениетінің құлдырау кезеңіне аяқ басқандығының белгісі болды. Енді бір жағынан христиан дінінің шығысқа қарай жайылуының басы болды.

1555 жылы Дәулет Керей хан алпыс мыңдық қолмен орыс жерлеріне жорыққа шықты. Бұл жорықта да Османлы мемлекеті Қырым ханын қолдады. Алайда Қазан жеңісінен кейін одан сайын күшейіп алған Иван Грозныйды жеңу оңай болмады. 3 шілде 1555 жылы Судбища деген жерде болған шайқаста Қырымдықтар ойсырай жеңілді. Шайқаста Дәулет Керейдің Ахмет Керей және Қажы Керей деген ұлдары да опат болды.

1556 жылдан бастап орыстар сауда жолдарының торабында тұрған Астрахан хандығына көз тіге бастады. Бұл кезеңде Иван Грозный казак әскерлерін қолданды.  Атаман Ляпун Филимонов бастаған казактар Астрахан әскерлерін жеңіп, қаланы жаулап алады. Осы жорықтардың кезінде орыстар өзінің стратегиялық маңыздылығын жоғалтқан Алтын Орда астанасы Сарай Беркені өз қарамағына алды. Уақыт өте келе бұл жерде Волгаград қаласы пайда болды. Осылайша Ресей Алтын Орданың мұрагеріне айналды.

Орыстардың Қазан мен Астраханды жаулап алуынан кейін де Қырым хандығы мен Мәскеу соғысы жалғаса берді. Бұл жерде Ресей жағынан казак әскерлерінің белсенділігі байқалды. Оның үстіне орыстар Дон, Еділ сияқты өзендерді жақсы пайдаланды. Қырым жағы тек атты әскерлермен шабуылдаса, Ресей жағы өзен арқылы да Қырымға шабуыл ұйымдастыра бастады.

1569 жылы Қырым хандығы мен Османлы мемлекеті бірігіп, Астраханды қайтарып алу үшін үлкен жорық ұйымдастырды. Жоспарға сәйкес Қара теңізге құятын Дон мен Каспийге құятын Еділ өзені арасында канал ашылып, Османлының Қаратеңіз флоты Каспийге шығуы керек еді. Алайда бір жағынан ауа райының қолайсыздығынан, енді бір жағынан орыс әскерлерінің шабуылына байланысты жоба іске аспай, жорық сәтсіздікке ұшырады.

1571 жылы Дәулет Керей орыс жерлеріне шабуыл жасап, Мәскеуді өртеп жіберді. Осыған байланысты оған «тахт алған» атағы берілді. Алайда бұл Қырым хандығының орыс жерлеріне ұйымдастырған соңғы жорығы болды.   



Ұқсас жаңалықтар