Шағатай ханы Барақ

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 27

Шағатай ханы Барақ

1251 жылы Шыңғыс ханның мұрагері Үгедейдің ұлы Күйік хан қайтыс болғанан кейін Моңғол империясында таққа талас басталды. Бұл таласта Жошы мен Төленің ұлдары бір жақ болып, Үгедей мен Шағатайдың ұлдары екінші жақ болып соғысты. Алайда Шыңғыс ханның тұңғыш немересі Батудың беделі жоғары болғандықтан соғыстың нәтижесін Алтын Орда белгіледі. Оның үстіне кенже ұл Төленің ұрпақтары Шыңғыс ханның қара шаңырағында отырғандықтан, олардың да төрелердің арасындағы абыройы жоғары еді. Үлкен ұл мен кенже ұл ұрпақтарының одағының арқасында Төленің ұлы Мөңке, қазақша айтқанда Мәңгі Ұлы қаған болып сайланды. Алайда тақтан айрылып қалған Үгедей мен Шағатайдың ұрпақтары Ұлы қағанға қарсы қастандық ұйымдастырмақ болды. Алайда бұл істері әшкере болып, осының нәтижесінде көптеген Үгедей мен Шағатайдың ұрпақтары өлтірілді. Осы бүлікке қатысы бар деп өлтірілгендер арасында Шағатай Ұлысының бесінші ханы Барақтың да әкесі бар еді. Ендеше бүгінгі бағдарламамыз осы қиын кезеңде өмір сүрген Барақ хан туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туылғаны нақты белгілі емес. Қайтыс болған жылы 1271 жыл. Шағатайдың шөбересі болып табылады. Атасы Ауғанстанның Бамиян деген жерінде  1221 жылы болған шайқаста қайтыс болған Шыңғыс ханның ең сүйікті немересі Мүтүген. Шыңғыс хан бірде «Мені ең жақсы түсінетін ұлым Үгедей және немерем Мүтүген» деп айтқан екен. Мүтүгеннің Есүмәңгі, Байдар, Есүнтоға және Қарақұлағу деген балалары бар еді. Осылардың ішіндегі Есүнтоға бүгінгі тұлғамыз Барақтың әкесі болып табылады. 1251 жылы құрылтайда Есүнтоға Мәңгі ханға қарсы шыққандықтан өлтірілген болатын. Сондықтан ұлы тұлғамыздың балалық шағы алдымен Мәңгі ханның ордасында, сосын Құбылай ханның сарайында өтті.

Шамамен 1260 жылдардың басында Барақ Шағатай ұлысына оралды. Бұл кезде Шағатай хандығын Қарақұлағудың баласы Мүбарек Шах билеп тұр еді. Ұлы тұлғамыз да Мүбарек Шах секілді Ислам дінін қабылдап, Шағатай ханның ұрпақтарының арасында мұсылман болған алғашқы төрелер болды. Барақ Қытайдан оралғаннан кейін Мүбарек Шахпен Шағатай ұлысының тағына таласа бастады. Бұл тақ таласын Барақ жеңіп, өз билігін орнатты.

Барақ хан таққа шыққаннан кейін Шағатай ұлысының дербестігін қалпына келтіруге тырысты. Осы мақсатта ол Қытайды билеп отырған Төленің ұрпағы Құбылай мен бүгінгі Моңғолияны билеп отырған Үгедейдің ұрпағы Қайдуға қарсы соғысуы керек еді. Өйткені Құбылай да, Қайду да өзін Ұлы қаған деп санап, Шағатай ұлысының оларға бағынуын талап ететін. Алдымен Барақ хан Шығыс Түркістандағы Құбылайдың тағайындаған әкімі Моғылтайды қуып жіберді. Бұған қарсы Құбылайдың жіберген қолы Барақтың әскерлерінің көптігінен сескеніп, шегінуге мәжбүр болды. Осылайша ұлы тұлғамыз Құбылайға қарайтын Қотан қаласын өзіне бағындырды. Қайдуға қарсы соғыс та табысты болды. Барақ хан алдыңғы шайқаста Қайдуды жеңген еді. Алайда Алтын Ордадан Беркешардың қолбасшылығындағы елу мыңдық әскер Қайдуды қолдап, осының нәтижесінде Барақ хан Мәуренахрға шегінуге мәжбүр болды. Ұлы тұлғамыз жаңа бір соғысқа дайындалып жатқанда Қайдудың өзі бітімге келді. Бейбіт келісімшарт бойынша Шағатай ұлысының үштен бірі Қайдуға, үште екісі Барақ ханға қарады. Осы бітімнен кейін Қайду мен Барақ бірігіп, Ирандағы Елхан Абаққа шабуыл ұйымдастырды. 1268 және 1269 жылдары Барақ Хорасан мен Ауғанстанның біраз жерлерін басып алды. Алайда Қайду уәде берген қолдауын көрсетпегендіктен 1270 жылғы шешуші шайқаста Барақ хан Абақ Елханның әскерлерінен жеңіліп қалды. Осы шайқаста аттан құлап, содан кейін атқа міне алмайтын болды, тек арбамен ғана жүре алатын болды.

Барақ ханның соңғы жылдары туралы екі түрлі мәлімет бар. Тарихшы Уасафтың жеткізген мәліметіне қарай, ұлы тұлғамыз соңғы жылдарын Бұхарада өткізген. 1271 жылы Ислам дінін қабылдап, Ғияседдин атын алған. Сол жылы Барақ хан Иранның Сеистан деген жеріне жорыққа шығады. Алайда бұл жорығы сәтсіз аяқталады. Жорықтан кейін ұлы тұлғамыз Қайдуды паналайды. Уасафтың айтуынша, Қайдудың адамдары Барақ ханға у беріп өлтірген. Рашидәддиннің Жамиғи тауарихында баяндалған екінші нұсқаға сай, Барақ хан Иран жорығынан қайтып келгеннен кейін елде бүлік басталады. Ұлы тұлғамыз Ташкентке барып, Қайдудан бүлікшілерге қарсы көмек сұрайды. Қайду Барақ ханға жиырма мың әскер жібереді. Алайда ол әскерлер Ташкентке жеткенге дейін ұлы тұлғамыз қарсыластарын жеңеді. Енді Қайдудың әскерлеріне қажеттілік болмай қалады. Дегенмен, Қайдудың қолы осы орайды пайдаланып, Шағатай ұлысын түбегейлі өзіне бағындыру үшін қолдануға тырысады. Бірақ Қайдудың қолы Ташкентке жеткенде, Барақ хан қайтыс болған еді. Қайдудың тапсырмасымен Барақ хан биік төбеге жерленеді. Басқаша айтқанда ол мұсылманша дәстүрмен емес, тәңір діні бойынша жерленеді. Ұлы тұлғамыз қайтыс болғаннан кейін Шағатай ұлысы Қайдуға тікелей бағынатын болады. Көптеген Шағатайлықтар Иран ауып кетеді. Мысалға Барақтан бұрын Шағатай ұлысына хан болған Мұбарек Шах Елхан Абақтың қарамағына барады. Рашидәддин жеткізіп отырған мәліметтерін осы Мұбарек Шахтан алған болуы керек.

Қорыта айтқанда Барақ ханның өлімімен бірге Шағатай ұлысы өзінің дербестігін жоғалтады. Десе де оның ұрпақтары өз мемлекеттерінің тәуелсіздігі үшін күрестерін жалғастырады. Әсіресе ұлы тұлғамыздың ұлы Дуа ханның кезеңінде Шағатай ұлысы дербестігін қайта қалпына келтіреді.



Ұқсас жаңалықтар