Шағатай ханы Кебек

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 28

Шағатай ханы Кебек

Шыңғыс ханның ұрпақтары аталарының жолымен көшпенді өмір салтымен өмір сүрді. Алайда уақыт өткен сайын олардың ұрпақтары отырықшы тұрмыс салтына көше бастады. Олар жаңа қалалардың негізін қалап, ескі қалалардың дамуына жағдай жасады. Бұл үдерісті тоғыз жолдың торабында орналасқан Шағатай ұлысы да өткерді. Бүгінгі бағдарламамызда осы үдерістің ең маңызды тұлғасы Кебек хан туралы сөз қозғаймыз.

Шағатай ұрпақтарының бірі және бірегейі Кебектің қай жылы туылғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1326 жыл. Осы тұрғыдан қарағанда ол он төртінші ғасырдың басында Шағатай ұлысына өз ізін қалдырған ұлы тұлға болып саналады. Оның әкесі Шағатай ұлысының дербестігі үшін күресіп өткен және осы жолда белгілі табысқа да жеткен атақты Дуа хан болып табылады. Дуа ханның Ұлы Моңғол Империясын қалпына келтіру жоспары бар еді. Сондықтан ол Үгедей ұрпақтары мен Төле ұрпақтарының арасында отыз жылға созылға соғыстың тоқтауына көп үлес қосты. Осыдан кейінгі оның жоспары біріккен моңғол әскерлерін бастап, Үндістанға үлкен жорық ұйымдастыру болатын. Алайда мұндай қол құрылмады. Десе де Дуа хан өз әскерлерін Үндістанға жіберді. Ұлы тұлғамыз Кебектің атағы осы кезеңде шыға бастады. 1306 жылғы Шағатай жасағының Үндістанға жорығын ханзада Кебек бастап барды. Сондықтан ұлы тұлғамыз туралы мәліметтер үнді деректерінде де кедеседі.

1307 жылы Дуа хан қайтыс болғаннан кейін Шағатай ұлысында таққа талас басталды. Алдымен Дуа ханның үлкен ұлы Көншек таққа шықты. Бірақ оның билігін Мүтүгеннің заңсыз туған, бірақ Шағатай ханның өзінің өсірген Бөрі деген шөбересінің Талиқу деген ұрпағы мойындамай бүлік бастады. Шағатай ұлысындағы бұл таққа таласты Қайдудың мұрагерлері хандықты өздеріне қайта бағындыру үшін пайдаланғысы келді. Осылайша ұлыстағы тұрақсыздық үш төрт жылға созылды. 1308 жылы Көншек хан өлтірілгеннен кейін таққа Талиқу шықты. Бірақ Талиқу Дуа ханның баласы болмағандықтан Шағатай ұрпақтары оны қолдамады. Сондықтан тұрақсыздық жалғаса берді. Ұлыстағы төрелер ақырында ұлы тұлғамыз Кебекке қолдау көрсетті. Ендігі жерде таққа талас Кебек пен Талиқу арасында жалғасты. Ақырында ұлы тұлғамыз 1309 жылы Талиқуды шайқас алаңында жеңіп, билікті өз қолына алды. Алайда осы кезде Қайдудың қолы Шағатай ұлысы шекарасына жақындап қалды. Сондықтан осыдан кейін Кебек Янгышар, Ұрыс, Шапар және Түйме деген қолбасшыларын Үгедей ұлысы қолын қарсы алуға аттандырды. Екі жақтың шайқасы Алмалық қаласының маңында болды. Шайқаста Шағатай жағы басым түсіп, ұлыстың дербестігі сақталып қалды. Десе де Кебек шығыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Юан әулеті билеушісі Қайсан ханмен Үгедей ұлысына қарсы одақ құруды жөн көрді.

1309-1310 жылдар аралығында Шағатай ұлысында билік Кебектің қолында болғандықтан көптеген тарихшылар оны осы кезде хан болған деп есептейді. Бірақ шын мәнінде ұлыста тұрақтылық орнағаннан кейін Кебек төрелердің басын қосып, 1310 жылы үлкен құрылтай ұйымдастырады. Шағатай хандығының билеушісі осы құрылтайда анықталған болатын. Сөз жоқ, қолбасшы ретінде ұлы тұлғамыз Кебектің абыройы жоғары еді. Бірақ оның Есен Бұға деген ағасы таққа көбірек лайық еді. Кебек құрылтайда таққа Есен Бұғаның шығуын қолдады. Сондықтан 1310 жылдан 1318 жылға дейін Шағатай ұлысында тақта Есен Бұға отырды.

1314 жылы Есен Бұға хан Кебекке қалың қол беріп, Елхан мемлекетіне қарсы жорыққа жіберді. Ұлы тұлғамыз Ауғанстандағы Қараунас руынан да әскер алып, Аму Дариядан Иранға қарай жылжыды. Екі жақтың әскерлері Мұрғап өзенінің жағасында кездесті. Шайқаста Шағатай жағы жеңіске жетіп, Кебек Гератқа дейінгі жерлерді өзіне қаратты. Алайда осы кезде Есен Бұғадан Юан әулетінің шабуыл жасағандығы туралы хабары жетіп, Кебек кері қайтуға мәжбүр болды. Ұлы тұлғамыз ұлыстың шығыс шебінде соғысып жүргенде, Герат маңында Шағатай әскерлерінің қолбасшысы ретінде қалған Есауыр деген шағатай тұқымы Елхан Олжайту ханның жағына шығып кетті. Осылайша Есауыр Хорасандағы ең ықпалды билеушіге айналды. Тіпті ол Олжайтудың мұрагері Әбу Саид ханға қарсы бүлік бастады.

1318 жылы Есен Бұқа хан қайтыс болғаннан кейін Шағатай ұлысы тағына Кебек шықты. Ұлы тұлғамыздың бірінші ісі елдің тұтастығын қалпына келтіру болды. Осы мақсатта ол ең алдымен Есауырдың мәселесін шешті. Кебек ханның жіберген жасағы 1320 жылдың маусым айында Есауырдың қолын жеңіп, өзін өлтірді.

Ұлы тұлғамыз әкесі Дуа ханның кезінде қалыптасқан Юан әулеті билеушілерін Ұлы қаған деп мойындау дәстүрін жалғастырды. Кебек хан Құбылайдың ұрпағы Кеген ханды «Моңғол империясының Ұлы қағаны» деп мойындап, оған сыйлық жіберіп тұрды.

Кебек ханның кезеңі тұрақтылығымен ерекшеленді. Оның кезінде халықаралық сауда дамып жаңа қалалар бой көтерді. Ташкент маңындағы Қаршы қаласы астана болып, ірі сауда және мәдениет орталығына айналды. Ұлы тұлғамыз ұлыста стандарт тенгенің қолданылуын енгізді. Көшпенді рулардың отырықшы өмір салтына өтуіне жағдай жасады. Ибн Батутаның саяхатнамасында ұлы тұлғамыздың түрік тілінде сөйлегендігі де айтылады. Деректе Кебек ханның таң талып, «яқшы» деп айтқаны келтіріледі. Сондықтан қай жағынан қарасақ та, Кебек хан Түркі өркениетінің ұлы тұлғасы болып саналады.  



Ұқсас жаңалықтар