Білім берудің ғаламдық принциптері 2

Проф. Кудрет Бүлбүлдің мақаласы

Білім берудің ғаламдық принциптері 2

Бірнеше апта бұрынғы бағдарламамызда ғаламдық ұғым ретінде жақсы білім берудің де, нашар білім берудің де жұқпалы екенін, басқа елдердегі білім берудің өмірімізге жақыннан қатысы бар екенін, сондықтан адам баласы үшін білім берудің ғаламдық принциптерін қалыптастыру керектігін айтқан болатынбыз. Білім беру тұрғысынан әлемдегі жағдайға қысқаша тоқталғаннан кейін басты екі принцип ретінде әділет санасын қалыптастыру және барлық нәрсеге жақсы көзқараспен қарайтын азаматтар өсіп жетілдіруді мақсат ететін білім философиясына тоқталған едік.

Тақырыбымызды тоқтаған жерінен жалғастырайық.

     Анкара Йылдырым Беязыт Университеті Саясаттану факультеті деканы Проф. Кудрет Бүлбүлдің осы тақырыптағы анализін ұсынамыз.

3. Жалпы моральдық қағидаларға бойсұнатын азаматтар дайындайтын білім беру

Адамдардың принциппен қозғалатындарын,  жалпы моральдық қағидаларға бағынатынын қабылдау қоғамдағы өмірді мүмкін жағдайға келтіреді. Жеке азаматтардың осы принциптерге ие болуы тұрмысты жеңілдетеді. Басқаларының ұрлық жасамайтынын, шабуыл жасамайтынын,  жаман қылық қылмайтынын, өтірік айтпайтынын ойлау – біз қабылдаған нәрселер.  Бір сәтке осыларсыз бір өмірде таңертең үйден шықтыңыз деп ойлап қараңызшы. Біріншіден үйден шыға аламыз ба? Үйден шыққанда бізге кездесетін бірінші кісінің бізге шабуылдамайтынына сенімді болмасақ,  жолымызды қалай жалғастырамыз? Көшедегі адамдар бізді тонайды деген уайымымыз ше? Адамдардың барлығы жамандық жасаса ше? Ал адамдар еңбек етіп, маңдай терімен күн көріп емес,  жұмыс істемей ақша табуға тырысса?

Осындай мысалдарды келтіре беруге болады. Осыншама жабайы ортада қоғам өмірі жүре ме? Мүмкін бе?

Қоғамдық мәдениет аясында жалпы моральдық қағидаларға бағынатын азаматтар өсіп шығару білім берудің ең басты мақсаттарының бірі болуы қажет.  Осы жалпы қағидаларды анықтау соншалықты қиын емес. Барлық мәдениеттерде осы принциптерге байланысты азды-көпті тұжырымы бар.

4. Еңбектенуге машықтандыратын білім беру

Төмендегі принциптер көбіне білім берудің мазмұны мен әдісіне байланысты принциптер.  Жоғарыда айтылған алғашқы үш принцип болса (әділет, жақсы ойлау және моральдық білім беру) барлық деңгейдегі білім беруге негізделуі керек құндылықтар.  Осындай құндылықтардан нәр алмайтын немесе осындай құндылықтарға сай емес білім берудің нәтижесі адам баласы үшін үлкен қауіп төндіреді. Адам баласын қырғынға ұшыратқан әлемдік соғыстар,  террор акттері,  әрдайым биіктей түскен қауіпсіздік қабырғалары, басқа адамдардың өмірі үшін емес, оларды жоюға бағытталған әртүрлі жаңалықтар білім алмаған адамдардың емес,  өте сапалы білім алған адамдар «тындыратын» нәрселер. Яғни бұлар аз біліммен емес, тек сапалы біліммен жасалатын қырғындар,  көз жастары,  қайғылар. Бұл құндылықтар адам баласын басқа барлық салада болғаны секілді білім саласында қорғайтын құндылықтар болып саналады. Осы мағынада Әзірет Пайғамбардың «пайдасыз ілімнен Алланы паналадым» деген сөзі осы моральдық ұстанымды түсіндіреді. Назар аударыңыз, зиянды емес, пайдасызынан да қашқақтау керектігін білдіретін бір ұстаным...

Принциптерге қайта оралар болсақ, еңбек ету, күн сайын бір ісіміздің болуы – өзіміз,  төңіректегілер және адам баласы үшін ең пайдалы талпыныстардың бірі. Еріншек, еңбегімен емес, басқа адамдарға паразит болып өмір сүру әдісі қоғамдарды құлдыратады. Осы аяда білім беру барлық мамандықты қасиетті деп санап,  барлық мамандықты ынталандыруы керек, еңбек етудің өз алдына бір құндылық екенін үйретуі қажет.

5. Баршаға бірдей емес, адамдардың әлеуетіне қарай түрлендірілген білім беру

Заманауи, орталықтандырылған мемлекет түсінігімен бірге бір типті, жаппай білім беру жүйесі дүние жүзінде кең тарады.  Осы білім беру жүйесі білімді барша азаматтар үшін қолжетімді қылу тұрғысынан маңызды үлес қосты.  Сонымен бірге бұл әдіс өзгешеліктерді жоятын,  адамдарды бірдей типте көруді мақсат еткен бір нәтиже шығарды.  Ал біздің ойымызша әрбір адам бір жан, әрбір адам – бір жиһан.

Шейх Галип қалай ғана тамаша айтып кеткен:

Өзіңе жақсы қара, сен ғаламның өзегісің,

Ғаламның көзінің қарашағы – адамсың сен.

Білім беру барлық адамға бірдей білім беруге емес, әрбір адамның өзіндік әлеуетіне қарай,  өз ерекшелік, қабілетіне қарай қоғамға пайдалы болуына бағытталуы керек.

6. Өмірмен астасатын білім беру

Дәстүрлі білім беру жүйесінде адамдар көбіне шебер-шәкірт қатынастары арқылы өмірдің ішінде,  еңбек барысында үйренетін.  Бүгінгі күні білім беру жүйесі мен білім органдары мамандандырылған. Осы мамандандырудың бір нәтижесі ретінде білім беру органдарының өмірден, күнделікті тұрмыстан ажырағанын, білімнің теорияда қалғанын байқаймыз. Осы жағдайға Айнштайнның «білім адамның мектепте үйренген нәрселерінің барлығын ұмытқанда,  артта қалған нәрсе» деген сөзінде көрінгендей үлкен наразылықтар бар. Білім берудің мақсаты адамды өмірге дайындау болатын болса,  білім тек мектеп қабырғасында берілмеу керек. Білім ордалары мен білім берудің өзі азаматтық қоғам, жеке меншік сала, академия,  бюрократия секілді адамның білім алғаннан кейінгі өмірінде кездесетін органдармен де сабақтасуы қажет.

7. Жаттанды емес,  ойлайтын,  тексеретін,  жаңалық табатын бір білім беру

Білім беру негізінде өткенге немесе қазіргі нәрсеге емес,  болашаққа бағытталған ынта болып саналады.  Әрине қазіргі де,  өткен де үйретіледі,  оқытылады.  Бірақ бұлардың барлығы болашақты жақсырақ түсінуге,  жаңа нәрселер өндіруге бағытталған болуы керек.  Әйтпесе өткен күнде қалып қою үшін емес. Ойлануды,  тексеруді үйретпейтін, жаттанды, қайталайтын бір білім беру бізді болашаққа жетелемейді.  Адамдар өз күштерін тек ойлану арқылы,  сұрап білу,  тексеру арқылы ғана түсінеді. Білім адамның өзін білуіне негіз қалауы қажет.

Басқа бір принцип ретінде мемлекеттік органдар басқаратын орталықтандырылған мемлекет емес,  үйлестіретін және тексеретін азаматтық ұйымдар мен жеке меншік саласының білім беру жүйесі маңызды. Немесе бұл жағдайды білімнің әдісі ретінде айырықша қолға алуға болады.  Бұған басқа бір мақаламызда тоқталармыз.

Әрине осындай принциптерді көбейтуге болады.  Бірақ бір мақала аясында барлығына орын беру қиын.  Тереңірек білгісі келетіндер менің «Жаһандық дәуірде жастар» деген еңбегімді оқуына болады.

Әлбетте жақсы білім алып, жан-жақты жетілген азамат болу өте маңызды.  Жоғарыда айтылған принциптерден мақұрым білімнің адам мен қоғамды қайда апарары белгісіз.  Білім беру барысында қағидалар сіңірілмесе,  білім арқылы франкенштейн жаратуға болады. Бүгінгі күні сыныптағы жолдастарын автоматты қарумен атқандар, тамақтарға у қосқандар, тағамға ине салғандар немесе адам баласын қырғыннан қырғынға итермелегендер надан адамдар емес,  көбіне жақсы білім алған,  бірақ осы білімін адам баласының пайдасына қолдануды таңдамаған принципсіз адамдар.

Білім берудің нені үйреткені секілді,  бәлкім маңыздырағы – нені не үшін үйрететініміз.



Ұқсас жаңалықтар