Моғолыстан ханы Уәйіс

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 33

Моғолыстан ханы Уәйіс

Он бесінші ғасырдың басында Моғолыстан шығыста Ойраттармен, батыста Әмір Темір мемлекетімен,  солтүстікте Алтын Орданың шығыс қанаты Ақ Орда шекараласып жатты. Бұл мемлекеттердің барлығы Моғолыстанға қарағанда мықты еді. Сондықтан Моғолыстанның дербестігін сақтап қалу өте қиын болды. Осы кезеңге өз таңбасын қалдырған ұлы тұлға атақты Тоғылық Темірдің ұрпағы Сұлтан Уәйіс еді. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда осы тұлға туралы әңгіме қозғаймыз.

1399 жылы Қызыр Қожа хан қайтыс болғаннан кейін оның ұлдары Шамси-Жахан, Мұхаммед, Шерәлі және Шах-Жахан бір-бірімен таққа таласа бастады. Ұлы тұлғамыз Уәйіс Шерәлінің баласы еді. 1399-1418 жылдар аралығында бірінші болып Қызыр Қожаның үлкен ұлы Шамси-Жахан, екінші болып Мұхаммед, үшінші болып Шамси-Жаханның ұлы Нақшы-Жахан таққа шықты. Уәйістің әкесі Шерәлі жас кезінде он сегіз жасында қайтыс болғандықтан, ұлы тұлғамыз жетім қалды және көкесі Мұхаммедтің ордасында өсті. Алайда Уәйіс өсе келе көкесімен тіл табыса алмай, «қазақ» болып ордадан қашып кетті. Оның үстіне осы кезде Моғолыстан ханы Нақшы-Жахан қайтыс болып тағы да таққа талас басталған болатын. Бұл таласқа Уәйістің бірге өскен немерелес ағасы, көкесі Мұхаммедтің ұлы Шермұхаммед те кіріскен еді. Осылайша Уәйіс пен Шермұхаммед қарсыластарға айналды. Уәйістің жағын «Тарихи Рашиди» еңбегінің авторы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың атасы Әмір Саид Али Дулат қолдады. Бұл әмірдің атақты Әмір Құдайдаттың ұрпағы болғандығын ескерсек, Уәйістің билікке деген ниетін дулаттардың едәуір бөлігінің қолдағанын аңғарамыз.

Уәйіс өз айналасына жиналған адамдарымен бірге бүгінгі Қытайдың Гансу аймағын және Сары ұйғырлардың өңірін мекендеді. Алайда бұл жерлерде көп қолдау таба алмаған ұлы тұлғамыз Түркістан өңіріне аттанды. Өйткені Түркістан мен Мәуренахр аймағындағы Әмір Темірдің мұрагерлері Моғолыстан хандарымен бақталас еді. Әсіресе Әмір Шейх Нұреддин Моғолыстандық Шермұхаммедпен соғыс жүргізіп жатқан еді. Осы себепке байланысты Әмір Шейх Нұреддин Уәйісті құшақ жая қарсы алды. Тіпті Әмір ұлы тұлғамызға өз қызы Дәулет Сұлтанды беріп, оны өзінің күйеу баласы қылды. Әмірдің қолдауын алған Уәйіс Шермұхаммедке қарсы соғыс бастады. Көп жылға созылған соғыс ақырында ұлы тұлғамыздың қарсыласының өлімімен аяқталды. Осылайша Уәйіс Моғолыстан ханына айналды.

Таққа шыққан Уәйіс хан Мәуренахр мен Моғолыстан арасындағы соғысты тоқтатты. Оның бұл саясаты оның діндарлығымен байланысты болса керек. Өйткені ол өз жарлығында мұсылмандарға қарсы соғысуды тыйым салғанын жариялайды. Демек, Тоғылық Темір, Ілияс Қожа мен Қызыр Қожа кезеңінде басталған Моғолыстанның Исламдану үдерісі бұл кезде одан сайын үдей түскен. Тіпті Уәйіс хан солтүстік пен шығыстағы ойраттарға қарсы діни соғыс «жихат» жариялайды. Осы соғыстарда ұлы тұлғамыз екі мәрте қолға түсіп қалады. Бұл соғыстардың алғашқысы Мыңлақ деген жерде болған шайқас еді. Ойраттардың басшысы Есен Тайшы өзінің тұтқынының Шыңғыс тұқымы болғандығына байланысты оған құрмет көрсетіп, оны босатып жібереді. Алайда Уәйіс хан Есен Тайшының сәлем берген қолын да алмайды. Тұтқыннан шыққаннан кейін Уәйіс ханның айналасындағылар неге оның Есен Тайшының сәлемін алмағандығын сұрағанда, ол «Мен мұсылманмын, ал ол кәпір» деп жауап береді.

Ұлы тұлғамыздың екінші рет тұтқынға түсуі Тұрпан шайқасы кезінде болды. Бұл жолы Есен Тайшы Моғолыстан ханын босатудың шарты ретінде оның қарындасын сұрайды. Басқа амалы қалмаған Уәйіс хан қарындасы Махтум ханымды ойрат билеушісіне береді. Жалпы Моғолыстан ханы ойраттарға қарсы алпыс екі рет жорыққа шығады. Алайда бұл жорықтарында табысты болмайды. Ақырында Моғолыстан мен ойраттар құда болғаннан кейін бұл соғыс тоқтайды.

Уәйіс хан туралы жазылған тарихи деректерге қарағанда, ол аңға шыққанды ұнататын болған. Аулаған аңын анасына апарады екен. Ұлы тұлғамыз әсіресе өзі аулған жабайы түйенің терісінен шалбар илеп киюді ұнатқан. Мұхаммед Хайдар Дулаттың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Уәйіс хан өзі егіншілікпен айналысқанды жақсы көреді екен. Дін мәселесінде Уәйіс хан Бұхаралық Нақшибанда тариқатына мүше еді. Ол ғалымдармен дін туралы әр түрлі пікір таластар жүргізетін.

Уәйіс ханның кезеңі Моғолыстан тарихының ең тұрақты кезеңі болып саналады. Ел тарихында маңызды рол ойнаған дулат руының ақсақалы Әмір Құдайдат Уәйіс ханның кезіндегі тұрақтылықты пайдаланып, Меккеге қажылыққа барып қайтады. Десе де, Уәйіс ханның кезінде Әмір Темірдің мұрагері Ұлықбек үлкен бүлік бастайды. Ұлықбектің өзінен бұрынғы атасы Әмір Темір мен әкесі Шахрух секілді Шағатай хандарының атынан билік жүргізгені белгілі. Ұлықбек өзінің қарамағындағы Шағатай ұрпағы Сатық ханға қалың қол беріп, Моғолыстанды басып алуға жібереді. Ол заманның халықаралық құқығына сай, Сатық хан Шағатай ханның ұрпағы болғандықтан, Моғолыстанды билеуге құқығы бар еді. Ыстық көл маңында болған шайқаста Уәйіс хан қайтыс болады. Осылайша Моғолыстан тағы Сатық ханға өтеді.

Ұлы тұлғамыздың Есен Бұға және Юнас деген екі баласы бар еді. Бұл екеуі де түркі әлемі тарихында маңызды болып саналады. Өйткені Есен Бұға Ақ Орда сұлтандары Керей мен Жәнібекке Жетісудан жер беріп, Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына себеп болады. Ал Юнас болса, Үндістанды билеген Бабырдың нағашы атасы болып саналады. Қорыта айтқанда, Уәйіс ханды түрік тарихының ұлы тұлғасы деп атауымызға толық негіз бар.



Ұқсас жаңалықтар