Моғолыстан ханы Есен Бұға

Түркі өркениетіндегі үлы тұлғалар - 34

Моғолыстан ханы Есен Бұға

Он бесінші ғасырдың екінші жартысы бүгінгі Түркі әлеміндегі қазақ пен өзбек ұлттарының қалыптасуында маңызды кезең болып табылады. Бұл екі ұлттың негізгі бөлігі Алтын Орданың шығыс қанаты Ақ Ордадан оңтүстікке қарай ауған түрік рулары еді. Бұл рулар Түркі әлемінің ішкі жағындағы Ұлы даладан Түркі әлемінің шет жағына қарай жылжыған соңғы көш болатын. Бұл рулар әсіресе Шағатай Ұлысының одан әрі түріктенуіне үлес қосты. Ұлы далада құралған Өзбек хандығының билеушісі Әбілхайыр ханның ұрпағы Мұхаммед Шайбани Шағатай Ұлысының батыс қанаты Мәуренахрды жаулап, ол жердегі Әмір Темірдің ұрпақтарын Үндістанға қуып жіберді. Осылайша Мәуренахрда Дешті Қыпшақтан барған өзбектердің үстемдігі орнады. Ал 1465 жылы Әбілхайырдан бөлініп шыққан және өздерін атақты Ақ Орда ханы Ұрыс ханның ұрпағы деп санайтын Керей мен Жәнібек Моғолыстанда өз туларын көтерді. Осы жерде назар аударатын маңызды жайт бүгінгі қазақ және өзбек ұлттарының өздерінің мемлекеттерін Шағатай Ұлысы аумағында құруы еді. Демек бүгінгі Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері тек Алтын Орданың ғана емес, Шағатай Ұлысының да мұрагерлері болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы кезеңге өз таңбасын қалдырған Моғолыстан билеушісі Есен Бұға ІІ туралы әңгіме қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туылғаны белгісіз. 1429-1462 жылдар аралығында Моғолыстан тағында отырған. Бүгінгі жазылған тарихи зерттеулерде ұлы тұлғамызды «екінші» Есен Бұға деп атаймыз. Бұның себебі Шағатай ұрпақтарының арасында он төртінші ғасырдың басында 1310-1318 жылдар аралығында сегіз жыл бойы Шағатай Ұлысын билеген Есен Бұға хан болған еді. Осыған байланысты екі ханды шатастырмас үшін ұлы тұламызды шартты түрде «екінші» Есен Бұға деп атаймыз.

Ұлы тұлғамыздың әкесі Уәйіс хан Моғолыстанның ең ықпалды хандарының бірі еді. Бірақ 1429 жылы Уәйіс хан Мәуренахрдан келген Сатық ханнан жеңіліп тақтан айрылады. 1429-1434 жылдар аралығында Моғолыстанды Тоғылық ханның ұрпақтары емес, Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек «тағайындаған» ханы Сатық биледі. Алайда халық оның билігін мойындамады. Сондықтан Сатық хан тек Қашқар қаласында ғана отырды. Осыдан кейін Моғолыстан халқы өз ханын сайлауға кірісті. Алайда осы кезде халықтың біраз бөлігі Уәйіс ханның үлкен ұлы Юнусты, ал көпшілік бөлігі Есен Бұғаны қолдады. Заң бойынша тақ үлкен ұлына өтуі керек еді. Сондықтан осы жағдаймен келіспеген Юнус Мәуренахрдағы Ұлықбектің қолдауын алғысы келді. Алайда Ұлықбек Моғолыстан ханзадасын тұтқындап, оны Иранның Язд қаласына жер аударып жіберді. Осылайша Есен Бұғаның Моғолыстан тағына шығуы нақтыланды. Десе де кейінгі жылдарда Әмір Темірдің ұрпақтары Юнусты Есен Бұғаға қарсы қолданып отырды.

1434 жылы Моғолыстан тағына шыққан Есен Бұғаның бірінші саясаты Қашқар қаласын Ұлықбектен қайтару болды. 1435 жылы ұйымдастырылған шабуыл барысында Қашқар халқы да Есен Бұғаның жағына шығып, нәтижесінде Қашқар Моғолыстанға қайтарылған болды. Бұл жеңіс жас ханның абыройын асқақтатты. Десе де, Есен Бұға Моғолыстан әмірлерінің қолдауын алып, елде тұрақтылық орнатуы оңай болған жоқ. Ол кейбір әмірлерді күшпен, кейбір әмірлерді құдалық қатынас орнату арқылы өзіне бағындырды. Мысалға атақты «Тарихи Рашиди» еңбегінің авторы және Қашқар қаласының әміршісі Мұхаммед Хайдар Дулаттың қолдауын алу үшін Есен Бұға хан оған өз қызы Дәулет Нигар ханымды береді. Қысқасы 1450 жылға дейін Есен Бұға Моғолыстанның тұтастығын қалпына келтіреді.

Есен Бұғаның келесі мақсаты Мәуренахрдағы кейбір қалаларды Әмір Темірдің ұрпақтарынан тартып алу болды. Бұл кезде Мәуренахрда Темірдің Әбу Саид деген ұрпағы өз билігін орнатқан еді. 1451 жылы Есен Бұға алдымен Ташкентке, артынша Әндіжанға шабуыл жасады. Алайда Әбу Саидтің қарымта шабуылына төтеп бере алмай Есен Бұға Моғолыстанға шегінуге мәжбүр болды. Моғолыстандықтардың бұл жорықтары кейінгі жылдары да жалғаса берді. Ақырында Әбу Саид Иранда жүрген  Уәйістің үлкен ұлы Юнысқа қалың әскер беріп, оны Есен Бұға ханға қарсы жіберді. Екі ағайындының соғысы көп жылдарға созылды және ақырында Моғолыстанның екіге бөлінуіне әкеп соқты.

Әбу Саид Есен Бұға ханды әлсірету үшін солтүстіктен келген өзбектерді өз жағына тартты. Атап айтқанда өзбек ханы Әбілхайыр мен Әбу Саид Моғолыстанға қарсы одақ құрды. Алайда осы кезде өзбектердің арасында Әбілхайыр ханға қарсы көтеріліс басталды. Бұл көтерілісті Ақ Орда ханы Ұрыстың ұрпақтары Керей мен Жәнібек бастады. Моғолыстан мен Мәуренахр арасындағы текетіресте Әбу Саид Әбілхайырмен одақ құрғандықтан, Есен Бұға Керей мен Жәнібекке қолдау көрсетті. Аймақтағы саяси жағдайға байланысты қалыптасқан осы топтасудың маңызды салдары болды. Ақырында Керей мен Жәнібектің құрған хандығы қазақ ұлтының ұйысуына себеп болды. Ал Әбілхайырдың ұрпақтары өзбек ұлтын қалыптастырды. Тағы бір маңызды жайт, қазақтар өздерінің одақтастары Есен Бұғаның қарамағындағы Жетісуды басып алса, өзбектер Әмір Темірдің ұрпақтарын Үндістанға қуып, Мәуренахрда өз мемлекеттерін құрды.

Қорыта айтқанда, Есен Бұғаның өмір сүрген кезеңі бүгінгі Түркі әлемі тұрғысынан маңызды болып саналады. Бұл кезең қазақ, өзбек, қырғыз және ұйғыр ұлттарының қалыптасу тұрғысынан өте шешуші кезең болып табылады. Есен Бұға ханнан кейін Моғолыстан тағында отырған ағасы Юнус және ұлы Дост Мұхаммед бүгінгі ұйғыр ұлтының ұйысуында маңынзды рол ойнады.        



Ұқсас жаңалықтар