Моғолыстан ханы Сұлтан Махмут

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 36

Моғолыстан ханы Сұлтан Махмут

Моғолыстан тарихының соңғы кезеңінің ең мықты билеушісі Юнус хан 1487 жылы қайтыс болғаннан кейін Моғолыстан шығыс және батыс болып екіге бөлінді. Алты шахарды  қамтитын Шығыс Моғолыстанды Юнус ханның екінші ұлы Ахмет Алақ билесе, батыс Моғолыстанды Юнус ханның үлкен ұлы Сұлтан Махмут биледі. Батыс Моғолыстанның ордасы Ташкент қаласы еді. Сондықтан кейде тарихта Юнус ханды да, оның мұрагері Сұлтан Махмут ханды да Ташкент ханы деп атайды. Алайда шын мәнінде олар Шағатай ұлысы аумағын билеген Шағатай ханның соңғы ұрпақтары болатын. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Түркістан тарихының маңызды тұлғасы Сұлтан Махмут хан туралы сөз қозғаймыз.

1462 жылы туылған ұлы тұлғамыздың тегінен бастайтын болсақ, бұл турасында өте қызық деректер бар екендігіне назар аударуымыз керек. Әкесі Юнус хан жас кезінде дәруіштік өмір сүргендіктен қырық жасына дейін үйленбеген еді. Бірақ Юнус хан саясатқа араласып, Моғолыстан тағы үшін күрес бастағанда ол өз беделін өсіру мақсатында белгілі әулеттермен құдалық қатынас орната бастады. 1457 жылы Юнус хан Қашқарды алғаннан кейін қаланың ең ықпалды қожаларының яғни пайғамбар ұрпақтарының бірі Әмір Зияуддинді Бадахшан аймағында тұратын Шах Сұлтан Мұхаммед Бадахшиге құдалық сөйлесу үшін жіберді. «Лали ханзада» ретінде де танымал Шах Сұлтан Мұхаммед Бадахши Македониялық Филиптің ұлы, атақты Ескендірдің ұрпағы болып саналатын. Аңыз бойынша Ескендір бір ұлын ешкімнің оңай жаулай алмайтын бүгінгі Тәжікістанның таулы аймағына қалдырып кеткен екен. Әмір Зияуддиннің сапары сәтті болып, Шах Сұлтан Мұхаммед Бадахши Юнус ханға алты қызының бірі Шах Бегімді тұрмысқа беруге келіседі. Ұлы тұлғамыз Сұлтан Махмут міне осы Ескендірдің ұрпағы Шах Бегімнен туады.

Сұлтан Махмуттың мінезі жұмсақ болғандықтан соғыспен емес, көбінесе әдебиетпен айналысады. Бәлкім сол үшін ол інісі Ахмет Алақ секілді шығысқа жорыққа кетпей, Ташкентте әкесінің қасында қалған болуы керек. 1487 жылы Юнус хан қайтыс болғаннан кейін әулеттің үлкені ретінде Сұлтан Махмут Моғолыстанның ханы болып сайланды. Алайда, іс жүзінде ұлы тұлғамыз Моғолыстанның тек батыс бөлігін ғана биледі. Шығыстағы Ахмет Алақ ағасының билігін мойындамады. Өз билігін мойындату үшін Сұлтан Махмут хан да тырыспады.

Сұлтан Махмут ханның билік құрған кезеңі Моғолыстан тарихы тұрғысынан ең қиын кезең болып саналады. Оның себебі аймақтағы соңғы Шағатай ұрпағын солтүстіктен Ақ Орда ханы Ұрыстың ұрпақтары қазақ хандары, шығыстан Әбілхайырдың ұрпақтары өзбек хандары, ал оңтүстіктен Әмір Темірдің ұрпақтары қыспаққа алған еді. Бұл мықты көршілердің мақсаты стратегиялық тұрғыдан маңызды болып саналатын Моғолыстанның соңғы астанасы Ташкент қаласын өздеріне бағындыру болды. Басқаша айтқанда, аймақта Шағатай ұлысының мұрасы үшін талас жүріп жатқан еді.

Сұлтан Махмут хан үш көршісінің сол кездегі ең әлсізі өзбектермен қатынасын жақсартты. Ең алдымен ұлы тұлғамыз Әмір Темірдің ұрпақтарына қарсы Мұхаммед Шайбаниді қолданды. Бұл саясат хандықтың амандығын белгілі мөлшерде қамтамасыз етсе де, Моғолыстанның дәстүрлі одақтасы Қазақ хандығымен оның қарым қатынасын бұзды. Өйткені қазақ хандары Әбілхайырдың ұрпақтарымен соғыс жүргізіп жатқан еді. Осы жағдайды жақсы пайдаланған қазақ хандары Моғолыстанмен соғысып, Жетісудағы иеліктерін кеңейтті. Ал Сұлтан Махмут ханның қарамағындағы жерлер бүгінгі Қырғызстан мен Тәжікістанды және Қашқар қаласын қамтыды. Десе де он алтыншы ғасырдың басында «Мұхаммед Қырғыз» деген лақап аты бар Тағай биді қырғыздар өздеріне хан сайлап, Моғолыстаннан тәулесіздігін алуға әрекет жасай бастады.

Тек Қашқар қаласымен Сұлтан Махмут ханның тығыз қарым-қатынасы бар еді. Қала әмірі Мұхаммед Құсайын Мырзаның Сұлтан Махмут ханмен құдалық қатынасы болатын. 1490 жылы ұлы тұлғамыздың әпкесі Құп Нигар ханым Мұхаммед Құсайын Мырзаға тұрмысқа шыққан еді. Осы арада айта кететін жайт, атақты «Тарихи Рашиди» еңбегінің авторы Құп Нигар ханым мен Мұхаммед Құсайын Мырзаның ұлы Мұхаммед Хайдар Дулат 1500 жылы Ташкентте туылған.

Он бесінші ғасырдың соңына келгенде, Әмір Темір мемлекеті әлсірей бастады. 1494 Ұлықбектің немере інісі Әбу Саидтің ұлдары бірінен соң бірі қайтыс болды. Осы орайды пайдаланып, Сұлтан Махмут хан Самарқантты өзіне қаратқысы келді. Алайда, оның бұл жорығы сәтсіз болды. Ендігі кезек Мұхаммед Шайбаниге келді. Әскер саны елу мыңға жеткен Мұхаммед Шайбани 1501 жылы Самарқантты алып өз мемлекетін құрды. Осылайша Мәуренахрдағы Шағатай ұрпақтарының билігі Жошы ұрпақтарына өтті.

Өзбектердің келесі мақсаты Ташкент болды. Сұлтан Махмут ханға көмекке шығыстан інісі Ахмет Алақ келді. Алайда Моғолыстан хандарының біріккен қолы 1503 жылы Ақши деген жерде Мұхаммед Шайбаниден жеңіліп, ағайынды Моғолыстан хандары тұтқынға түсті. Мұхаммед Шайбани Ташкент қаласын өзіне қаратып, тұтқындарын босатып жіберді. Десе де көп ұзамай Ахмет Алақ қайтыс болып, Шығыс Моғолыстандағы билік оның ұлы Мансұрға өтті. Ал Сұлтан Махмут хан Моғолыстанның далалық аймағында бес жыл көшіп қонып жүріп, ақырында Мұхаммед Шайбаниден қолдау сұрап Мәуренахрға қайта келді. Алайда, өзбек ханы ұлы тұлғамызды бес баласымен қосып, Сырдария өзенінің жағасында Қоджент қаласының маңында өлтіртті. Осымен Моғолыстанның батыс қанатының тарихы тамам болды.



Ұқсас жаңалықтар