Үндістан билеушісі Ұлы Акбар

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 51

Үндістан билеушісі Ұлы Акбар

Әмір Темірдің ұрпағы Бабыр Үндістанды бағындырып, Ұлы Моғол империясын құрған еді. Алайда оның өлімінен кейін империя ыдырай бастады. Ұзақ жылдарға созылған соғыстан кейін Ирандағы Сафеви әулетінің қолдауын алған Бабырдың ұлы Хумаюн Ұлы Моғол империясын қайта қалпына келтірді. Дегенмен, Хумаюнның ерте қайтыс болуы бүліктердің қайтадан басталуына себеп болды. Осы кезеңде тарих сахнасына «Ұлы» деген атақ алған Акбар шықты. Ендеше бүгінгі бағдарламада Үндістандағы түріктердің билігін орнатқан және ол жерде жаңа өркениет қалыптастырған Акбар туралы әңгіме қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 15 қазан 1542 жылы туып, 27 қазан 1605 жылы қайтыс болған. Толық аты Абүл-Фатх Жалалуддин Мұхаммед Акбар болып табылады. Ұлы Моғол империясының үшінші билеушісі және империяның негізін қалаған Бабырдың Хумаюннан туған немересі. Шешесі – Сафеви әулетінің ықпалды ғалымдарының бірі Шейх Алиакбар Жәмидің қызы Хамида Бану Бегім. Демек ұлы тұлғамыз әкесі қуғында жүргенде туылып, қуғында жүргенде өсті. Бұл жағдай оның шыдамды, сабырлы және көреген болып жетілуіне себеп болды.

1555 жылы Үндістанның ең ықпалды әмірлерінің бірі және Хумаюнның қарсыласы Шер шах Суридің ұлы Ислам Шах қайтыс болғаннан кейін Сури әулетінде биліке талас басталды. Осы орайды пайдаланған Хумаюн Сури әулетін жеңіп, 1556 империяның астанасы Делиді қайтарды. Алайда көп уақыт өтпей Хумаюн қайтыс болды. Осы кезеңнен бастап, Хумаюнның ең сенімді қолбасшысы Байрам Хан билікті өз қолына алды. Ол алдымен бүлік шықпасын деп Акбар таққа шыққанға дейін Хумаюнның өлімін жасырды. 1556 жылдың 14 ақпанында 13 жасар Акбар Ұлы Моғол империясының тағына шықты. Оған парсы тілінде шахтардың шахы деген мағынаны білдіретін «Шахиншах» атағы берілді.

Ұлы тұлғамыз таққа шығар шықпас елде бүліктер басталды. Ең алдымен Сур әулеті есін жиып, Сикандар Шах Суридің қолбасшылығында Дели мен Агра қалаларын басып алды. Акбар солтүстікке шегінуге мәжбүр болды. Бұл кезеңде Моғол империясының артқы шебі болып табылатын Кабул қаласы да Бадахшаннан келген Мырза Сүлейман тарапынан басып алынған болатын. Бұл Акбардың жағдайын одан сайын қиындата түсті. Байрам хан айналасындағы барлық әскерлерді жинап, Сикандар Шах Суриге қарсы жорыққа аттанды. Бірақ бұл кезде Сури әулетінің қарамағындағы аумақтан Хему деген қолбасшы бүлік шығарып, өзін Үндістанның патшасымын деп жариялады.

5 қараша 1556 жылы Дели қаласының маңында болған Панипат шайқасында Байрам Хан мен Акбардың қолы Хемуды ойсырата жеңіп, Дели мен Аграны қайтарып алды. Осыдан кейінгі кезек Сикандар Шах Суриге келді. Бір екі шайқастан кейін Сикандар Шах Сури шығысқа Бенгалға қашып кетті. Ал Акбар мен оның қолбасшысы Байрам Хан Пунжап аймағындағы Лахор мен Мултанды алды. 1558 жылы Акбар Ажмер мен Нармада өзеніндегі ең ірі порт Гвайлорды өзіне қаратты. Осы жылы Акбардың отбасы Кабулдан Делиге көшіп келді. Осылайша Акбар Үндістанда уақытша емес, тұрақты түрде қалып империя құруға ниетті екендігін білдірді. Себебі оны әкесі Хумаюн да, атасы Бабыр да өздерін көбінесе үндістандық емес, түркістандық сезінетін.

1559 жылы Моғол қолы оңтүстіктегі Ражпутана және Малва аймақтарына шабуылға өтті. Бірақ Акбар мен Байрам Ханның арасындағы келіспеушілікке байланысты жорық тоқтап қалды. Бұл келіспеушіліктің себебі ұлы тұлғамыздың Байрам Ханның көлеңкесінен шыққысы келгендігіне байланысты еді. Он сегіз жасар Акбар өз елін өзі билегісі келген болатын. Бірақ Байрам Хан оның тәжірибесіздігінен сәтсіздікке ұшырайды деп алаңдайтын. Ақырында келесі бір келіспеушілікте Акбар Байрам Ханды қызметінен босатып, оны қажылыққа жіберді. Осыдан бастап Акбар өз билігін жүргізе бастады.

Акбар күш-қуатын арттыру және Солтүстік және Орталық Үндістанның Раджпутана, Гуджарат, Бенгал және Кашмир аймақтарын бағындыру үшін  шамамен жиырма жыл соғыс жүргізді. Өз позициясын нығайту үшін Акбар Ражут ханшайымына үйленді. Ұлы тұлғамыз салық жинауды ретке келтірді. Ол атасы Бабур сияқты сауда-саттықты дамытуға үлес қосты. 1574 жылы, негізінен, мемлекетті аумақтық жағынан біріктіріп болғаннан кейін Акбар ішкі реформаларды бастады.

Реформалардың мақсаты орталықтандырылған мемлекет құру болды. Акбар империяда тұратын барлық халықтарға әділ және тең құқылы қатынас орнатқан жүйе қалыптастырды. Ең алдымен ол армияда реформа жүргізіп, оны бақылауға алды. Онда «мансап» деп аталатын лауазымдар жүйесін енгізді. Мемлекетті жаңа әкімшілік аймақтарға бөлді. Барлық жерде бірыңғай салық жүйесін енгізді. Империяның барлық жерінде біртұтас салмақ өлшемі мен ұзындық өлшеу жүйесі енгізілді. Сондай-ақ Ұлықбектің зерттеулері негізінде бір ортақ күнтізбе шығарды. Падишах еуропалықтармен сауданы дамытуға үлкен мән берді. Үндістанда Моғол империясының үстемдігін нығайтуға және үнді қоғамын өз жағына тартуға ұмтылған Акбар мемлекет пен армиядағы маңызды лауазымдарға үнді раджларын тағайындады.

Осы орайда Акбардың барлық діндерге қызыққандығын айта кетуіміз керек. Акбар тек мешіттер ғана емес, сондай-ақ Солтүстік және Орталық Үндістандағы индус храмдары, мен Гоадағы христиан шіркеулеріне жер мен қаражат бөлді. Ұлы тұлғамыз Үндістанда толерантты дін ұғымын қалыптастырды. Үнділер мен мұсылмандар осы кеңпейілді дәстүрдің негізінде ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүрді. Қорыта атқанда, Акбар Үндістанның жаңа өркениет қалыптастыруына негіз қалады. Акбардың кезінде Ұлы Моғол империясы өзінің шарықтау кезеңіне жетті.

 

 



Ұқсас жаңалықтар