Өзбекәлі Жәнібек Анкарада еске алынды

Анкара қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қоғам қайраткері, ғалым Өзбекәлі Жәнібекті еске алу кеші ұйымдастырды.

DSC_0008.JPG

Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті Өкілетті Кеңесінің бас ғимаратында болып өткен еске алу кеші Құран оқумен басталды.

Қазақтың әрбір қол-өнер бұйымдарын сақтап, жоғын түгендеген, қазақтың ұмытып қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жаңартқан, ұлттық жәдігерлерді жинап, ‘ұлтым’ деп еңбек етіп, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым,  Өзбекәлі Жәнібекке арналған кеш оның дүниеден озуының дәл 20 жылдығы аясында өткізілді.

Алқалы жиынға Анкарада білім алып жатқан қазақ студенттерге қоса, үнді және қырғыз студенттер де қызығушылық танытты.

Еске алу кеші бағдарламасын жүргізген Мырзахан Байжанұлы Түркістанның қасиетті тайқазанын қайтарылуына ықпал еткендердің басында Өзбекәлі Жәнібек бар екенін атап айтты.

Байжанұлы «Бес ғасырдан бері қойған орнынан қозғалмай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде тұрған жәдігер тайқазанды 1935 жылы Санкт-Петербургте өткен Иран шеберлері мен археологиясына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның көрмесіне қою үшін әкетті. Өзағам 1977 жылы мал басып жүрген Ахмет Ясауи атамыздың кесенесін қалпына келтіріп, тайқазанның Түркістанға қайтарылуына зор үлес қосты» деді.

Бағдарламаның алғашқы бөлімі ұлт мұратының жоқшысы, кемел қайраткер дәрежесіне жету жолын шебер бейнелеген "Өмір жолы - Өзбекәлі Жәнібек" деректі фильмімен басталды.

Жәнібектің өмір жолына қоса, қайраткерлік қыры кеңінен танытылған мазмұнды ой-пікірлер тыңдалды.

Бағдарламаның екінші бөлімінде Гази Университеті Саясаттану докторанты Саян Шылманбетов жастардың жалынды жетекшісі Өзбекәлі Жәнібектің қазақ саясатына қосқан үлесі мен оның қоғамдық қызметтерін мазмұндап берді.

Жәнібек Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде 300-ден астам құнды жәдігерді бұрынғы қалпына келтіріп, қорғау үшін тікелей күш жұмсады.

Фотосуреттер: Нұрлан Ахметов



Ұқсас жаңалықтар