Астанада Жастар фестивалі

Астана жастары елорданың 20 жылдығына арналған фестиваль өткізді.

Астанада Жастар фестивалі

ҚР Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты департаменті республикалық жастар ұйымдарымен бірлесіп,  елордадағы Арбатта Астананың 20-жылдығына арналған «Жан жүрегім -  Астана!» атты жастар шығармашылық фестивалін өткізді.

Фестиваль аясында жастардың ұйымдастыруымен өткен автомобильдік флешмобтың бейнеролигі көрсетіліп, белгілі шахматшы Дармен Садуақасовтың өнері көпшіліктің назарына ұсынылды. Елордалық Арбатта жастар арасында ұлттық күйлерді виртуозды түрде ойнау, би өнері мен гитарада танымал әндерді орындау бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Астананың    20 жылдығына арналған қолөнершілер бұйымдарының көрмесі өтті.

    Іс-шараға ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.      

Аталған бастамаға отандық эстрада жұлдыздары қолдау көрсетіп, фестивальдың концерттік бағдарламасына қатысты. Елорда тұрғындары мен қонақтары алдында Қыдырәлі Болманов, Қаракат Әбілдина, Ринат Мальцагов, Қанат Үмбетов, ағайынды Жүгінісовтер өнер көрсетті.

«Бүгінгі шара байқау немесе жарыс түрінде емес, фестиваль ретінде өтіп жатыр. Кез-келген қала тұрғыны біздің шарамызға қатысып, Астана туралы әндерін айта алады.  Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына ұнап жатса дәстүрлі түрде өткізуге тырысамыз. Бүгінгі шараға 10-нан астам республикалық жастар ұйымдары қатысуда. Олардың ішінде Қазақстанның жастар Конгресі, Жасыл ел және Жас Ұлан ұйымдары бар» - деп атап өтті ҚР Қоғамдық даму министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры  Асхат Оралов.

Фестиваль соңында елордалық «Арбат» аумағында Open Air концерті өтіп, жиналғандардың назарына әуе шарлары ұшырылып, қатысушыларға тегін балмұздақ таратылды.

TRT Astana



Ұқсас жаңалықтар